Баспасөз хабарламалары

12 сәуір 2018
33

«Самұрық-Қазына» активтері Шанхай қор биржасында таныстырылды

11 сәуір, Шанхай қ. – Шанхай қор биржасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның (бұдан әрі – Қор) Инвестор күні өтті. Іс-шара Қордың 215 активін бәсекелестік ортаға беруді қарастыратын Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді.

Қордың энергетика, көлік пен логистика, тау-кен және мұнай-химия салаларындағы қоржындық компаниялары өкілдері қытайлық кәсіпкерлерге Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндіктері, компаниялардың даму қарқынына байланысты бәсекелестік артықшылықтары, өңірлік және жаһандық нарықтың шарттары жайлы кеңінен баяндады.

«Қордың және оның қоржындық компанияларының дамуы Қазақстандағы оң өзгерістердің негізінде жүзеге асырылуда. Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, ондағы жеке секторды белсенді түрде кеңейтуде және экономиканы жаңғыртуда зор табыстарға қол жеткізуде. Мен біздің қытайлық әріптестерді «Самұрық-Қазынаның» мұнай мен газ, көлік пен логистика, тау-кен мен телекоммуникация салаларындағы жобаларға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Қордың 9 ірі компаниясының жетеуін ІРО арқылы жекешелендіру жоспарланған. Бұл активтердің саудасы 2020 жылға дейін кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Қордың «Қазақтелеком», «Эйр Астана» және «Қазатомөнеркәсіп», екінші кезеңде «Самұрық-Энерго» және «Қазмұнайгаз», үшінші толқын аясында «Қазпошта» және «Қазақстан темір жолы» компанияларындағы үлесі сатылады. Жоспар бойынша екі актив стратегиялық инвесторға сатылады: «Тау-Кен Самұрық» және Qazaq Air.

«ТМД елдерінің арасында Қазақстан көлемі бойынша Қытайдың екінші сауда серіктесі болып табылады және инвестициялар үшін басымдыққа ие. 2017 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда-саттық 18 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан үшін «Бір белдеу, бір жол»  бастамасына қатысу және «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру екі елдің ынтымақтастығында маңызға ие инвестицияларға және инфрақұрылымды салуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын», - деп атап өтті Шанхай қор биржасының президенті Хуан Хунъюань.

«Самұрық-Қазына» басшылығының пікірінше, жекешелендіру – Қордың даму стратегиясын жүзеге асыруда басты рөлге ие. Бұл компаниялар тобының бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін арттыруға, корпоративтік басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Стратегиялық инвесторлармен орнатылған әріптестік арқылы кәсіпорындар үшін жаңа технологиялар қолжетімді болмақ. Бүгінде Қордың кейбір қоржындық компанияларында жеке акционерлер бар. Мәселен, Қазақстандағы телекоммуникациялық нарықтың көшбасшысы «Қазақтелеком» АҚ немесе «Эйр Астана» АҚ. «Тұлпар-Тальго» испаниялық Talgo компаниясымен бірлесе жолаушылар вагондары өндірісін оң жолға қойды. «Локомотив құрастыру зауыты» франциялық Alstom компаниясының технологияларын пайдаланып, электровоздарды шығарады. Қор инвестиция есебінен алынған қаржыны жаңа жобалар мен салаларды дамытуға бағыттауды жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Гонконг қор биржасының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.


барлық баспасөз хабарламалар


«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті

e-mail: press@sk.kz

Тел.: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

e-mail: press@sk.kz

Тел.: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

Жаңалықтар мұрағаты


Байланыстар

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ » АҚ Қоғаммен байланыс департаменті
Қазақстан Республикасы, 010000,
Нұр-Сұлтан қ. E10,
үй 17/10
Телефон: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

e-mail: press@sk.kz