Баспасөз хабарламалары

19 сәуір 2016
12

Жекешелендіру бағдарламасы – ауқымды экономикалық реформалардың бір бөлігі

Ұлттық Әл-ауқат қорының жекешелендіру бағдарламасын қалай жүзеге асыратыны жайында «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі Берік Бейсенғалиев әңгімелеп берді.  

- Берік Тұрсынбекұлы, өткен күзде Елбасы жариялаған Жекешелендіру бағдарламасында «Самұрық-Қазына» қорының үлкен роль атқаратыны белгілі. Осы бағдарламаның мақсаты мен қор алдындағы міндеттер жайында айтып берсеңіз.
- Жекешелендіру бағдарламасының басты мақсаты –мемлекеттік активтерді бәсекелестік ортаға шығару және  жеке меншік инвесторларды тарту есебінен Қазақстан экономикасының  тиімділігін арттыру. Өздеріңізге белгілі, бағдарлама шеңберінде 783 компанияны жекешелендіру жоспарланған. Оның ішінде 217 компания - «Самұрық-Қазына» қорының  меншігінде. Осы 217 компанияның 44-і – ұлттық көлемдегі ірі компаниялар. Бағдарламаны жүзеге асыру кезіндегі  біздің артықшылығымыз – 2014 жылғы бизнесті түрлендіру тәжірибеміз бар. Жекешелендіру сәтті өту үшін келесідей шарттар қажет: активтер қызметіндегі ашықтық, нақты стратегия және заманауи бизнес-процестер.  Біз бүкіл топ бойынша осы бағытта жұмыс істеуге бір жарым жыл бұрын кірістік. Оның нәтижесін көріп отырмыз. Сондықтан Жекешелендіру бағдарламасы біздегі өзгерістің  логикалық жалғасы іспетті. Басқаларға қарағанда, біз оған дайынбыз.
Қор қоржынды компаниялар дайындығын ең үздік халықаралық тәжірибеге сай жүргізуде. Түрлі тетіктердің көмегімен басқаруды осы компанияның дамуына, оның қызмет тиімділігін арттыруға мүдделі жеке меншік бизнеске беру жоспарланды. Жекешелендіру сондай-ақ бәсекелестікті күшейтіп, кәсіпкерлік салада мемлекеттік реттеуді азайтуға ықпал етеді.

- Ұмытпасақ, сіздер бұрын да жекешелендіру жұмысын жүргізіп едіңіз ғой.  
- Ия, соңғы жылдары біз  Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру жолында еңбек еттік. Осы жоспарды жүзеге асыру барысында бәсекелестік ортаға 38 кәсіпорынды шығардық. Келісімдердің жалпы сомасы 63 миллиард теңгеден асты.Оның ішінде қор нарығындағы «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде «KEGOC» АҚ   акциялары орналастырылды. Соның нәтижесінде 42 мыңнан аса қазақстандық ұлттық компанияның  ортақ иеленушісіне айналды. Одан басқа, «Транстелеком» АҚ акцияларының  49 пайызы, Алматы вагон жөндеу зауытының, Қазақ мұнай және газ институтының бүкіл акциясы, сондай-ақ  Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-інің 50 пайыз акциясы жеке меншікке өтті.
Тұтас алғанда,  активтері ең көп сатылған компаниялар ішінде «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ болды. «Самұрық-Қазына» тобындағы активтерді сатудан түскен қаржы бүкіл елдегі жекешелендіруден түскен жалпы табыстың  80% дерлігін құрады.
Алайда 2016-2020 жж. Жекешелендіру бағдарламасы шеңберіндегі біздің жаңа міндетіміз одан гөрі ауқымдырақ: 38 емес, 217, соның ішінде көпшілікке арналған орналастыру 7-ден кем емес.

- Сіз жекешелендіру түрлі тетіктердің көмегімен жүзеге асады дедіңіз. Сол жайында толығырақ айтып бере аласыз ба?
- Шынында да, біз әр компанияның ерекшелігіне қарай жеке-жеке тәсіл қолданамыз.  «Самұрық-Энерго» немесе «Қазақстан теміржолы» сияқты ірі компанияларды біз қор биржасына шығармақпыз. Бұл орайда Астанадағы Халықаралық қаржы орталығына басымдық беруді қарастырып жатырмыз. Біздің ойымызша, елімізде ұлттық капитал нарығы мен қаржы институттарын дамыту – Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыруға жәрдемдесетін маңызды мүмкіндіктің бірі. Өз кезегінде өтімді де серпінді капитал нарығы, заманауи қаржы және заң шығару институттары елдегі іскерлік белсенділіктің, жалпы экономиканың дамуына ықпал етері сөзсіз. Біз жария компаниялардың  анағұрлым ашықтығы және заңнама, институттар мен корпоративтік басқару стандартының жемісті жұмысы инвестициялық ахуалды жақсартады деп санаймыз. Алайда көпшілікке арналған  орналастыру барлық компания үшін оңтайлы болмайды. Біз сондай-ақ стратегиялық инвестор тарту жағын да қарастырамыз. Бұл, әсіресе, көлемді инвестиция, технологиялық жаңғыртуды қажет ететін компанияларға, не болмаса, инвесторда терең салалық сараптама болғанда керек. Кей жағдайда жаһандық инвесторлар қазақстандық компанияларға халықаралық нарыққа жол ашуы мүмкін. Онша маңызды емес шағын компаниялар жеделдетілген тәртіппен,  электронды алаңдағы аукционда сатылады.
Біз сонымен бірге, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетіктерін пайдалану мүмкіндігін де қарастырамыз. Мәселен, бұл - активтерді басқару келісімшартын меншіктен бас тартусыз беретін концессия. Мұндай форма стратегиялық және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды саналатын активтермен жұмыс істеген кезде ең  үздік болып табылады. Мынаны баса айтқым келеді: біз әрбір шешімді байыппен қабылдаймыз және жекешелендіру перспективасын өзіміздің қоржынды компаниялармен, Ұлттық экономика министрлігімен және сыртқы кеңесшілермен бірлесіп талдаймыз.


-  Шағын активтер үшін жеделдетілген жекешелендіруді көздеп отырсыздар. Ал бағдарламаның өзі қандай мерзімге арналған?
- Бекітілген жоспарға сәйкес, барлық компаниялар 2020 жылдың аяғына дейін жекешелендірілуі тиіс.
Басымдық берілген тізімге ең ірі 44 компания  енді. Олар бойынша жоспарлы жұмыс істейміз. Байыпты шешім қабылдап,  ықтимал салдарын  саралаймыз. ІРО-ға шығатын ең ірі 7 қоржынды компанияны сату 2017 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Бұл дайындық жұмыстары, оңтайландыру шаралары мен холдингтерді трасформациялау қажеттілігімен байланысты.
№ 1 тізімдегі қалған 37 активті биыл сата бастаймыз. 2018 жылдың соңына дейін оны тәмамдаймыз. Асығыс шешім сан соқтыратын жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз бұл іске байыппен қараймыз. Екінші тізімде 173 компания бар. Оның көп бөлігі биылғы жылдың соңына дейін сатылады. Олардың көпшілігі бойынша талдау жасалды, тиісті шешім қабылданды. Компания көлеміне қарамай, біз  аймақ ерекшелігін, қызметкерлердің мүддесі мен кәсіпорын мойнындағы әлеуметтік міндеттерді есепке аламыз.
Кейбір активтерді  аукцион арқылы өткізу қиынға соғады. Бұл тиімділігі төмен, даму болашағы жоқ кәсіпорындарға қатысты. Мұндай жағдайда не оны жабу, не қайта құру жағы қарастырылуы мүмкін. Мұндай активтермен жұмысты 2017 жылы бітіру жоспарланған.


- Сіздер жекешелендірудің әлеуметтік салдарын есепке аласыздар ма? Өйткені компанияларда  қаншама жұмыс орны бар, олардың қызметін тұрғындар пайдаланады.
 - Әлбетте, Әлеуметтік маңызды компаниялар белгілі бір шартпен сатылады – оны сатып алушы жұмыс орнын сақтап, компанияның салалық қызметі мен әлеуметтік мәселелер бойынша міндеттемесін өз мойнына алуы тиіс. Бұл міндеттер инвестициялық меморандумға енгізіледі.  




- Компанияны негізінен кімдер сатып алады деп ойлайсыз?
- Біз халықаралық инвесторлардың да, қазақстандық компаниялардың да қатысқанын қалаймыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстанның бақуатты азаматтарын капиталды, соның ішінде бұрын шетелге шығарылған қаржысын жария ету шеңберінде жекешелендіруге қатысуға шақырғанын да айта кеткен маңызды.  Біздің ойымызша, Жекешелендіру бағдарламасы қаржыны жария етудің тартымды инструменті болып табылады және сырттағы капиталдың қомақты көлемін елге қайтаруға септігін тигізді.


-  Ал сатушы табылмаған жағдайда, сатылмаған активтерді не істейсіздер?  
- Жекешелендірудің бірыңғай ережесі компанияны сатуда бірнеше сауда раундын өткізуді қарастырады. Егер сонда да компанияны ешкім сатып алмаса, онда әлеуметтік-экономикалық маңызына қарай, кәсіпорын не қайта құрылады, не жабылады. Жекешелендіру бағдарламасының тағы бір міндеті – қордың компаниялар тобында басқару тиімділігін арттыру. Бұған еншілес компаниялар саны  («немере», «шөбере»)  мен басқару деңгейін қысқарту арқылы қол жеткізуге болады. Бұл процесс бізге қаржы-шаруашылық қызметін жүргізбейтін, тиісінше, табыс  таппайтын «балласт» компаниялардан арылуға мүмкіндік береді.

- Жекешелендіру компания қызметін қалайша жақсартады?
- Бізге бірнеше фактор көмектеседі. Біріншіден, сатуға дайындалудың өзі көптеген компания үшін құрылымын оңтайландыру, басқару мен ішкі бақылау  жүйесін дамыту, ішкі және сыртқы ортаны талдауға итермелейді. Мұның бәрі инвесторлар тарапынан сұранысты арттыру үшін, анағұрлым жоғары бағаға саудалау үшін қажет. Екіншіден, жаңа жеке меншік иелері компания жұмысының жемісті болуына өздері мүдделі болғандықтан, орталықтандырылыған мемлекеттік басқаруға қарағанда көбірек көңіл бөлетіні сөзсіз. Біз инвесторлар компанияға қаржы және технологиялық ресустарды тартады деп күтеміз. Экономикадағы мемлекет үлесінің  төмендеуі  мен капиталдың ұлттық нарығын дамыту компаниялар арасында бәсекелестікті күшейтуге және іскерлік белсенділігін арттыруға әкеледі. Мұның бәрі еңбек өнімділігі мен Қазақстанның экономикалық өрлеуіне зор ықпалын тигізбек.

 -Бұл істе халықаралық тәжірибе есепке алынды ма?
 - Соңғы он жылдықтарда жекешелендіру бағдарламасын көп ел, соның ішінде Ұлыбритания, Германия, Түркия, Грузия және басқа мемлекеттер жүзеге асырды. Біз олардың тәжірибесін талдап, тәуекелді бағалау және олардың алдын алу  мүмкіндігін иелендік. Осы мақсатта халықаралық сарапшылар  және мамандармен қоян-қолтық жұмыс істейміз.
Біз өзге елдердің жағымсыз тәжірибесін ескереміз. Салыстырмалы түрдегі жағымды мысалынан да сабақ аламыз. «Салыстырмалы» дейтініміз – кез келген жекешелендіру бағдарламасын сынайтындар табылады. Мысал ретінде 1990 жылдардағы Шығыс Германиядағы жекешелендіруді айтуға болады. Талдаусыз, асығыз жүргізілген жекешелендіру бағдарламаның экономикалық  жағынан іске аспауына,  халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне, жаппай жұмыссыздыққа алып келді. Біз соны қайталамауға тырысамызз. Ал жағымды мысал ретінде Чили, Италия, Испаниядағы жекешелендіруді айтар едік.  
Чили басынан кешірген жағдай – өз тәжірибеңнен үйренудің маңыздылығын айқындап берді. 80-ші жылдардағы жекешелендіруден кейін,  Чили келесі онжылдықта экономикалық реформалар шеңберінде анағұрлым үлгілі жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл оған Латын Америкасында көшбасшы орынға шығуға мүмкіндік берді. Біздің еліміз де 90-шы жылдарда жекешелендіру тәжірибесін бастан өткерді. Сондықтан біз де өз тарихымыздан сабақ алуымыз керек.
- Берік Тұрсынбекұлы, кей елдерде жекешелендіру бағдарламасы «қабылданған шешімдер ашық  болмады» деген сынға ілікті, тіпті сыбайлас жемқорлық орын алды деген айыптау  да айтылды. Қазақстандағы жекешелендіру ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі? 

- Біздің кәсіпорындардың жекешелендірілуі  «Самұрық-Қазына»  АҚ директорлар кеңесі бекіткен Бірыңғай Ережеге сай жүргізіледі.
Активтерді өткізу жөніндегі барлық шешім кезеңмен қабылданады. Ең алдымен активті өткізудің оңтайлы тәсілі анықталады. Содан кейін заңнамаға сәйкес, тәуелсіз сарапшылар бағалайды. Ірі активтерді өткізгенде  біз бағалаудың халықаралық стандартына сүйенеміз.
Әрмен қарай активтер салалық комиссияларда қаралады. Оның құрамына кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасының өкілдері, депутаттар енеді. Содан кейін меншік иеленушілер деңгейінде корпоративтік шешім қабылданып, экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия қарауына жіберіледі. Ірі активтерді өткізу әдісі, олардың Қор немесе қоржынды компания меншігі болғанына қарамастан, «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесімен бекітіледі.
Сондай-ақ ірі активтерді өткізу үшін ең үздік халықаралық сарапшылар тартылатынын айта кету керек. Ал электронды аукционда ақырғы нәтижеге адам факторы ықпал ете алмайды. Мұндай жағдайда ашық жағдайда өтпеді деп күмән туындамауы тиіс.


- Бағдарламаның қалай жүзеге асқанын  бағалауда сіздер үшін жетістіктің негізгі көрсеткіші қандай болмақ?
-  Әрине, мұндайда қысқа мерзімді нәтижеге, бір сәттік қаржы пайдасына қызығушылық болмай қоймайды. Алайда біз коммерциялық құрылым емеспіз, Ұлттық әл-ауқат қорымыз. Сондықтан біз үшін  негізгі басымдық – еліміз үшін ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу маңызды. Біздің жекешелендіру бағдарламамыз –  ауқымды экономикалық реформалардың бір бөлігі. Оның міндеті - ең алдымен ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, заманауи қаржы институттарын өркендету, бизнесті ашық да әділ реттеуді ынталандыру, қолайлы инвестициялық ахуал тудыру болып табылады.

Дерек көзі:  Forbes.kz
 


барлық баспасөз хабарламалар


«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті

e-mail: press@sk.kz

Тел.: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

e-mail: press@sk.kz

Тел.: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

Жаңалықтар мұрағаты


Байланыстар

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ » АҚ Қоғаммен байланыс департаменті
Қазақстан Республикасы, 010000,
Нұр-Сұлтан қ. E10,
үй 17/10
Телефон: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

e-mail: press@sk.kz