Баспасөз хабарламалары

26 мамыр 2016
44

Берік Бейсенғалиев: мемлекеттік компаниялар саудаға шығарылатын аукцион таяу арада өткізіледі

Таяу арада мемлекетке тиесілі көп кәсіпорын саудаға шығарылмақ. Квазимемлекеттік саладағы басты алып – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры нысандарының қалай сатылатыны туралы активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директор, қор басқармасының мүшесі Берік Бейсенғалиев әңгімелейді.

-Берік Тұрсынбекұлы, жекешелендіру тізіміне енген компаниялардың  басым бөлігі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында. Қазір нысандарды жаппай саудаға шығаруға дайындық  қалай жүріп жатыр?
- Өзіңізге белгілі, елімізде 2016-2020 жылдарғы жекешелендіру барысында 783 компанияны сату жоспарланған. Оның ішінде 217 компания «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына тиесілі. Өз кезегінде, бұл активтер екі тізімге бөлінген. Бірінші тізімге ең ірі 44 актив енді. Олардың ішінде 7 компания, атап айтқанда, «Қазақстан теміржолы», «Самұрық-Энерго»,  «Қазатомөнеркәсіп», «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз», «ТауКен-Самұрық»,  «Эйр Астана» ІРО-ға шығарылады. Қалған 37 активті саудалау биыл басталады да, 2018 жылға дейін созылады.
Екінші тізімде 173 компания бар. Оның көп бөлігі биылғы жылдың соңына дейін сатылады. Көпшілігі бойынша талдау жасалды, тиісті шешім қабылданды. Компания көлеміне қарамай, біз  аймақ ерекшелігін, қызметкерлердің мүддесі мен кәсіпорын мойнындағы әлеуметтік міндеттерді есепке аламыз.
Бүгінде «екінші тізім» бойынша айтарлықтай алға жылжу байқалады. Жекешелендіру бойынша ақырғы шешімді экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдайды, қазір ол 100 компанияға қатысты өз шешімін  шығарды. Шешім әр түрлі. Бір бөлігі аукционға шығарылады. Екінші бөлігі қайта құрылымдалады немесе жабылады. «Екінші тізімдегі» қалған активтерге қатысты шешім де жуық арада белгілі болмақ. Жалпы алғанда, біз алғашқы аукциондар таяу арада өтеді деген ойдамыз.  
Ал «бірінші тізімдегі» ірі және маңызды активтерге келсек, оларды жылдамдатып өткізуге емес, әзірлік сапасына мән береміз. Өткен үш айдың ішінде біз ең алдымен бағдарламаны жемісті жүзеге асыру үшін әдістемелік, талдау, ұйымдастыру жұмыстарымен айналыстық. Осы тізімдегі компанияларды жекешелендіру 2018 жылдың соңына қарай аяқталуы тиіс. Бірақ бұл 2018-2020 жылдары ІРО-ға шығарылатын компанияларға қатысты емес.  
- Жекешелендіру тізіміне еліміздегі ең ірі деген компаниялар кіргені мәлім. Олардың бәрі ел экономикасындағы стратегиялық салаларға тиесілі.
Біраз компанияны ІРО арқылы жекешелендіру ұсынылып отыр. Әрі бұл «халықтық ІРО» емес, дәстүрлі алғашқы орналастыру болмақ. Сонда оларды қай биржа алаңына шығару көзделген? Сондай-ақ қоғамда жекешелендіру кезінде еліміздің стратегиялық активтері шетелдіктердің жеке меншігіне өтіп кетеді деген қауіп бар. Бұл туралы не айтар едіңіз? 
- ІРО-ны өткізуде біз  Астана Халықаралық қаржы орталығына басымдық беруді қарастырып жатырмыз. Қазақстан басшылығы осы жобаның сәтті өтуі үшін күш салуда. Акционері мемлекет болып табылатын мемлекеттік холдинг ретінде, біз де осы процеске өз үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені жекешелендірудің сәтті өтуі құрылымдық, нарық және қаржы институттарының дамуы, күшті бәсекелестіктің қалыптасуы, алдағы жылдары тұрақты эокномикалық даму сияқты экономика үшін ұзақ мерзімді пайда әкелетін тұрғыдан бағаланады. Әрине, жекешелендіруден түсетін бір сәттік пайдаға қызығушылық туындауы мүмкін. Алайда біз ұзақ мерзімді, стратегиялық нәтижені мақсат тұтамыз.
Жаппай нарыққа шығару 2018 жылға жоспарланған. Оған дейін компания, қор және ел мүддесін ескере отырып, үлес, алаң және өзге де қырлары бойынша талдау жасалып, шешім қабылданады. Ақырғы шешім ылғи да біздің акционер – үкімет құзырында, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалай көретініне байланысты.
Ал қоғамдағы қауіпке келсек, оған негіз жоқ. Барлық инвесторлар ІРО және өзге де аукцион түрлеріне қол жеткізе алады. Активтерді сатуға байланысты ақырғы шешім қабылдау кезінде жергілікті инвесторларға қызығушылық болуы мүмкін. Алайда бұл ұсыныс басқа факторлар бойынша тең дәрежеде болған жағдайда ғана жүзеге асады.
Ал стратегиялық инвесторларға тікелей сату туралы айтсақ, мұнда  шетелдік және отандық бірлескен компанияларға көбірек бүйрегіміз бұрады. Біз ықтимал сатып алушылар тізімінде қазіргі БК серіктестердің тізімде бірінші болып тұрғанын қалар едік. Өйткені көпшілігі өздерін сенімді серіктес екенін көрсетті. Олардың холдингті дамытуға қосқан үлесі шын мәнінде қомақты. General Electric-пен бірлесіп салынған зауыттардың шығарған өніміне қараңыз, жыл өткен сайын «Эйр Астана» қызмет көрсету деңгейін жақсартып келеді.
Тұтас алғанда, шетелдік ойыншылар біздің компанияларға салалық  сараптама  мен заманауи технологиялар бойынша, сондай-ақ халықаралық өткізу нарығына қолжетімділікті ұсына алады.
Мынаған айрықша тоқталғым келеді – стратегиялық компаниялардың мемлекет қадағалауынан тыс қалатыны жайында сөз жоқ. ІРО-ға үлестің бір бөлігі ғана шығарылады. Қалай болғанда да, бақылау қоржыны мемлекет меншігінде қала береді.  
- «Эйр Астана» компаниясы қазір жартылай ұлыбританиялық инвесторға тиесілі. Қарап отырсақ, компанияның мемлекет қоржынындағы акциясы - ІРО арқылы жекешелендіру тізімінде. Қоржынның қай бөлігі сатуға шығарылады? Сайып келгенде, бұл мемлекеттің осы компанияны бақылаудан бас тартқанын білдірмей ме? Ал «Эйр Астана» - еліміздегі әуе тасымалы саласында үстемдік етуші компания. Еліміздің әуе нарығы  шетел компанияларына шырмалып, олар өз шартын тықпалайды деген қауіп жоқ па сізде? Ондай жағдайда үкімет нарықты  тұралатпас үшін олардың қойған  шарттарын орындауға мәжбүр болмай ма?
- Қазіргі кезде «Эйр Астана» компаниясын ІРО-ға шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы мерзім – 2018 жыл. Компанияны қор нарығына шығаруға дайындау кезінде барлық мәселелер,  соның ішінде компанияның халықаралық міндеттемелерді орындауы да есепке алынады. Осы орайда жекешелендіруден тәуелсіз, қазақстандық үлес 51 пайыздан кем болмайтынын айтқым келеді.
Сондай-ақ бағдарламаның бір маңызды міндеті экономиканың түрлі саласында бәсекелестікті дамыту, тиімді нарық ортасын қалыптастыру екенін тағы да еске сала кетейін. Бізде «Эйр Астанадан» басқа да әуе команиялары бар. Соның ішінде - болашағы зор Qazaq Air. Сондықтан сіз төндіріп отырған шетелдік монополия орын алуы мүмкін емес.
Бұған қоса, мемлекеттің саланы реттеу, компания акциясының қомақты қоржынын қосқанда, өзге де ықпал ету тетіктері жетерлік. Алайда  жекешелендіруден кейін «қолмен басқаруға» тап болмас үшін, біздің міндетіміз – жүйе құрып, сол жүйенің шеңберінде саланың мемлекет көмегіне онша жүгінбей-ақ пайда тауып, тұтынушыға жоғары сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуін қамтамасыз ету. Соның ішінде бұл өзін-өзі реттеу және жоғары стандартты корпоративтік басқарумен толықтырылған ашық та тұрақты ойын ережесі есебінен жүзеге аспақ.
- Әлемдік тәжірибеде телекоммуникациялық активтердің жекешелендірілуі жағымсыз нәтижеге алып келген мысалдар жеткілікті. Компаниялардың жаңа қожайындары компанияны өрге бастыруды былай қойып, өз монополиясын нығайтумен көбірек айналысты. Соның нәтижесінде, мәселен, Австралия мемлекеті 2007 жылы осы салаға қайта оралып, бірыңғай ұлттық кең жолақты желі құруға мәжбүр болды. Ұлыбритания 2009 жылы сәтсіз жекешелендіруден кейін сатылып кеткен активтерді мемлекет меншігіне алды. Осындай жағымсыз  тәжірибе бізде қайталанбай ма? Қазақстанның өз басында да сондай тәжірибе болды емес пе? Бұл орайда энергетикалық саладағы «Алматы ПауэрКонсолидейтед» және бельгиялық «Трактебель» компанияларын еске түсірсек те жеткілікті. Өзінің монополиялық жағдайын пайдаланып, компания өз бетінше тарифтерді көтерді, қомақты инвестиция салу мүлде ұмыт қалды.  Осы тәжірибеден қандай сабақ алынды және қазіргі компанияларды жекешелендіру кезінде мұндай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек?
- 2016 жылы Бағдарламаны іске қосар алдында әлемдік тәжірибе әбден зерттелді.Осы талдау – жаңылысудан сақтайды.
Оның үстіне, Қазақстан жекешелендірудің бірнеше толқынын бастан кешірді. Тәжірибе жинақтады. Әрине, мүлтіксіз еш нәрсе болмайды. Бірақ сіз суреттегендей оқиға болуы мүмкін емес. Бағдарламаны бақылау жүйесі қорғаныстың бірнеше деңгейіне ие.  
Қор атынан айта кетейін, барлық активтер мен салалар жеке-жеке қарастырылады. Біз активтерді сатуға тыңғылықты түрде дайындаймыз. Сондай-ақ инвестор, қоғам және мемлекет мүддесінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін реттеуді оңтайландыру және сатып алушылармен келісімдерді жасау бағытында жұмыс істейміз.
- Жекешелендіру тізімінде – отандық үш мұнай өңдеу зауыты да бар. Ал  түрлі ақпаратқа сенсек, қазіргі кезде МӨЗ белсенді түрде жаңғыртылуда. Актив ақыры сатылатын болса, мұндай мемлекеттік қаржы құю қаншалықты тиімді?   Жаңғыртудың   нысан құнына қаншалықты әсері бар?
- Жаңғырту саудаға шығарар алдындағы дайындықтың бір бөлігі болып табылады. Әрине, ол инвесторлардың қызығушылығын тудырмай қоймайды. Демек активтердің сатылу бағасын да арттырады. Саудаға шығарар алдындағы дайындық, қызметті оңатайландыруды қосқанда, қажет болса, жаңғырту мен қайта құрылымдауды да қамтиды. Бұл ірі және болашағы бар көптеген активтер бойынша жүргізіледі. Дегенмен барлық жерде МӨЗ  модернизациясы сияқты жомарттық таныта бермейміз (күлді).
- Жекешелендіруге шығарылатын нысандарға қандай елдер мен компаниялардың қызығушылық танытты? Осы жайлы мағлұмат бар ма? Стратегиялық және «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы нысандардан қандай көлемде қаржы түсетінін есептедіңіздер ме?   
- Жекешелендіруге деген қызығушылық зор және оның географиясы да кең.
Біздіңше, ықтимал сатып алушылар ішінде қазіргі БК серіктестеріміз, сондай-ақ Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыстағы стратегиялық инвесторлар болуы мүмкін.
Ал жекешелендіруден түсетін қаржыға келсек, мұның өз кілтипаны бар екенін есте сақтаған жөн: әр компания саудаға тәуелсіз бағалаудан кейін шығарылады. Бағалау саудаға шығарылар алдында жасалады және ұзақ мерзімді болмайды.  Түсетін қаржы көлемін шамалауда біз баланс құнын бағалауға ғана сүйене аламыз. Ол шамамен 2 - 2,4 трлн  теңге арасында құбылады. Біз, әрине, жекешелендіруден қомақты қаржы түсіруді жоспарлап отырмыз. Мұнда нені есепке алған маңызды? Бағдарлама 5 жылға арналған. Әр компания сатылар сәтте ғана нақты бағаланады. Ал аталған мерзім ішінде нарықтағы жағдай да, компанияның өзі де өзгеруі мүмкін. Тиісініше, оның құны да өзгеріске ұшырайды.
- Компанияларды сату үш мәрте өткізілетіні жайында хабарланды. Аукцион алдымен ағылшын тәсілімен (жоғарылату), сосын голланд тәсілімен (төмендету) өтеді. Осы кезде сауда нәтижесін өзгертіп жіберу мүмкіндігі бар ма, мәселен, «Майқайыңалтын» АҚ сияқты нысанды немесе «Тұлпар Тальго» ЖШС-ның төмен бағамен сатылуы сияқты? Айталық, жалған компаниялар тізбегі арқылы нысандардың құнын құлдыратып жіберу мүмкін бе?
- «Майқайыңалтын» немесе «Тұлпар Тальго» сияқты активтер – ірі, әлеуметтік-экономикалық  маңызы бар кәсіпорындар. Оларды электрондық аукцион арқылы сату жоспарланбаған. Олар үшін сатудың бірнеше үлгісі қарастырылған. Мәселен, конкурстық іріктеу, жария орналастыру, стратегиялық инвестор тарту. Әр актив үшін сатуға дайындық барысында нақты тәсіл таңдалады.
Ал нәтижені бұрмалау туралы айтсақ, электрондық аукционның көмегімен жеделдетіп сату шағын кәсіпорындарға арналған. Оның үстіне, бірінші аукцион ағылшын тәсілімен өткізіледі, яғни бағаны жоғарылату арқылы. Егер сатып алушы болмаса, төмендетуге негізделген голланд тәсіліне жүгінеміз. Мұндай жағдайда бұрмалаушылық болуы екіталай. Өйткені электрондық аукционға қызығушылық танытқан кез келген инвестор қатыса алады. Егер активке қызығушылық болса, бағаны төмендетуге дейін жете қоймаспыз.
- Жоспарланған жекешелендіру тетіктерін түсіндіргенде, ұлттық экономика министрлігінде былай деген еді: үш сессиядан кейін сатып алушы табылмаған жағдайда, кәсіпорынның 100 пайыз акциясы немесе жарғы капиталындағы мемлекет үлесі жойылады. Демек кәсіпорынның бір бөлігі жабылады деген сөз ғой? «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы қандай нысан осындай жағдайға тап болуы мүмкін?
- Иә, ережеге сәйкес, үш рет саудаға шығарылғаннан кейін өтпесе, кәсіпорынның жабылуы мүмкін. Айта кеткен жөн, бұл электрондық аукцион арқылы сатылатын активтерге ғана қатысты. Бұдан басқа, мұнай сипаттағы кез келген корпоративтік іс-әрекет қор мен экономиканы  жаңғырту мәселелері жөніндегі комаиисия тарапынан мақұлдануы тиіс. Біз, әрине, табысты немесе келешегі бар активтердің жабылуына жол бермейміз. Шаруашылық қызметті жүзеге асырмайтын және болашағы бұлыңғыр кәсіпорындар ғана жабылуы мүмкін.

https://vlast.kz/jekonomika/17411-berik-bejsengaliev-samruk-kazyna-pervye-aukciony-po-prodaze-goskom...


барлық баспасөз хабарламалар


«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті

e-mail: press@sk.kz

Тел.: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

e-mail: press@sk.kz

Тел.: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

Жаңалықтар мұрағаты


Байланыстар

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ » АҚ Қоғаммен байланыс департаменті
Қазақстан Республикасы, 010000,
Нұр-Сұлтан қ. E10,
үй 17/10
Телефон: +7 (7172) 55-27-10, 55-26-94

e-mail: press@sk.kz